Қытай Халық Республикасынан келген делегация көне Тараздың тарихи нысандарымен танысты
16.11.2026
Қытай Халық Республикасынан келген делегация Тараз қаласына арнайы сапармен келіп, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи нысандарын аралады.
Сапар аясында музей-қорық өкілдерімен кездесу өтіп, тараптар тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау мәселелері жөнінде пікір алмасты. Кездесу барысында мәдени басылымдармен алмасу да жүзеге асты. Делегация мүшелері көне Тараздың археологиялық және сәулет ескерткіштерін аралап, олардың тарихы мен зерттелу барысы туралы мәлімет алды. Қонақтарға Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды орталықтардың бірі болған Тараз қаласының тарихи орны, өңірдің бай археологиялық мұрасы таныстырылды.
Аталған сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды дамытуға, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортақ мұраны зерттеу мен халықаралық деңгейде танытуға бағытталған өзара тәжірибе алмасуға жол ашады.







