Ежелгі Тараз
Жаңалықтар

Көне Тараздан табылған тарихи әшекейлер көрмесі ұсынылды

13.11.2026
Көне Тараздан табылған тарихи әшекейлер көрмесі ұсынылды
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қаласы білім бөлімінің №66 орта мектебінде «Жаңа дәуір: QYZ POWER – тренді: әсемдік, даналық, ұлт болмысының жаршысы» атты аналар форумы өтті. Мазмұнды басқосу аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен тарихи әшекей бұйымдар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
 
Экспозицияға XVI–XVII ғасырларға жататын, Көне Тараз қалашығынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған әшекейлер қойылды. Олардың қатарында күмістен жасалған бұрмалы білезіктер мен әртүрлі табиғи тастардан тізілген моншақтар бар.
Көрме барысында келушілерге археологиялық олжалардың жасалу ерекшеліктері, материалы мен тарихи кезеңі туралы мәлімет берілді. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл бұйымдар арқылы ортағасырлық Тараз тұрғындарының зергерлік өнері, көркемдік талғамы мен әсемдікке деген көзқарасы таныстырылды.
 
Археологиялық мұраның осындай үлгілерін көпшілікке ұсыну – көне қаланың материалдық мәдениетін танытып, тарихи жадыны жаңғыртудың маңызды жолы. Көрме қатысушыларға Тараздың бай тарихи мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Бөлісу: