«Шаңырақ астындағы тарих»
17.03.2026
Наурызнама жалпыұлттық онкүндігі аясында, 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының білімгерлеріне арналған «Шаңырақ астындағы тарих» тақырыбында музейлік сурет салу сабағы ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық мұрамен таныстырып, тарихқа деген қызығушылығын арттыру, ата-бабадан қалған құндылықтардың маңызын түсіндіру болды. Сабақ барысында оқушылар музей қорында сақталған ортағасырлық жәдігерлер туралы мәліметтермен танысып, олардың жасалу ерекшелігі, қолданылу мақсаты және тарихи маңызы жайында қызықты деректер тыңдады.
Музей қызметкерлері әрбір экспонаттың артында жатқан тарихты баяндап, көне Тараз өңіріндегі мәдениет пен тұрмыс-тіршіліктің ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар, білімгерлер шығармашылық жұмысқа белсене қатысып, өздеріне ерекше әсер қалдырған ортағасырлық жәдігерлердің суреттерін қағаз бетіне түсірді. Бұл жұмыс оқушылардың қиялын дамытып қана қоймай, тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыра түсті.
Танымдық әрі шығармашылық сипатта өткен музейлік сабақ жас буынның тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға ықпал етті.
