Түркияның халықаралық ғылыми журналында Тараз туралы ғылыми мақала жарияланды
17.07.2026
Түркияда шығатын «Халықаралық Түркі мәдени кеңістігіндегі әлеуметтік ғылымдар журналының» кезекті санында «Taraz as a Shared Cultural Heritage of the Turkic World: Historical and Architectural Perspectives» («Түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасы ретіндегі Тараз: тарихи және сәулеттік тұрғыдан») атты ғылыми мақала жарық көрді.
Ғылыми еңбектің авторлары – Анкара университетінің профессоры, «Жалпы түрік тарихы» кафедрасының меңгерушісі Абдулла Гүндогду және «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің басшысы Шаизхан Ұлжалғас.
Мақалада көне шаһардың түркі өркениеті тарихындағы орны, тарихи-мәдени мұрасы мен сәулеттік ерекшеліктері жан-жақты сараланып, оның Түркі әлеміне ортақ мәдени құндылық ретіндегі маңызы ғылыми деректер негізінде көрсетілген.
Халықаралық басылымда жарық көрген бұл еңбек Тараздың тарихи мұрасын ғылыми ортада кеңінен танытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.













