Государственный историко-культурный музей-заповедник

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

Главная / Новости

Новости
       Өткен жылы И. Панфилов атындағы № 39 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Нұрбек Дүйсебайұлының жетекшілігімен 9 сынып оқушысы Ақниет Салық ғылыми жобаға қатысуға талаптанған еді. "Менің қаламдағы музей" деп аталатын ІІІ республикалық ғылыми жоба талаптарына сәйкес, біздің ұжым оқушыға өз қолдауын білдірген де болатын. Толығырақ айтсақ, "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени музей-қорығы" мекемесінің "Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау" бөлімі қызметкерлері Ақниетке қажетті кітаптар мен тың мәліметтерді табуға көмектесті. Әдістемелік кеңес беріп, құны жоғары көне жәдігерлерді ұсынып, олардың тарихымен таныстырды.
       Жақында ол Астанада өткен республикалық ғылыми жобада өз жұмысын жоғары деңгейде қорғап шықты. Сайыс қорытындысымен Ақниет Салық ІІ орынды жеңіп алды.
       Аталған мектеп ұжымы мен жеңімпаз оқушымызды ғылыми жетістігімен құттықтаймыз!
 
 
         Бүгін Тараз қаласындағы № 61 орта мектепте «Тарих пәндерін оқытуда инновациялық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында бірлескен көрме-семинары өткен еді. Тақырыбы айтып тұрғандай, мұндағы мақсат – қазақ тарихынан дәріс беруде заманауи озық оқыту әдістерін пайдаланып, оқушыларға беретін білім сапасын арттыру болмақ. Маңызды кеңесті № 61 орта мектебінің тарих пәні бірлестігі ұйымдастырған.
Семинар-көрмеде қалалық білім бөліміне қарасты пән мұғалімдері тарих пәнін өткізудегі тың тәсілдерді айтып, өзара тәжірибе алмасты. Оқушы сауаттылығын арттыруда аталған пәннің ерекшелігіне тоқталып, оны жаңа инновациялық технология бойынша жетілдіру қажеттігі айтылды.
         Аталған жиынның ең маңызды бөлігі – көрме. Оны біздің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесінің қызметкері Фариза Жұмағұлова таныстырды. Көрмеге қойылған заттардың дені – археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер. Басым көпшілігі Х-ХІІ ғасыр аралығындағы дәуірді қамтиды.
         Бір қуаныштысы, қаладағы 31 мектептің тарихшылары тамашалаған көрме жұмысына ұйымдастырушы тарап өз ризашылығын білдірді. Көрме соңында № 61 орта мектептің басшылығы біздің қызметкерлерімізді, атап айтсақ, Ұлбосын Әлімханова, Фариза Жұмағұлова, Еркен Баймырза және Айсана Бизатханованы «Алғыс хатпен» марапаттады.
         ӘРІПТЕСТЕРІМІЗДІ ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
 
 

        ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК ел тарихын сақтап, жұрт жадынан өшпес үшін ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Айта кетейік, музей-қорық иелігіне Жамбыл облысындағы 30 тарихи-мәдени ескерткіш кіреді. Олай болуының өзіндік себебі бар. Өйткені, Көне Тараз жерінде қазақ халқының бай тарихы сақталған.
Біз бүгін «Сіз білесіз бе?» деген жаңа айдар аштық. Мақсатымыз ел тұрғындары мен келушілердің тарихи тұлғалар мен оларға қатысты ескерткіштер жайлы таным, түсінігін кеңейту. Яғни «Сіз білесіз бе?» айдары арқылы аталмыш сұрақты қойып, қасиетті бабалар мен киелі кесенелер жайлы көпшілікке ұғындыру. Сұрақтан сұрақ туындату арқылы ежелгі жәдігерлер туралы ақпарат тарату.
        Бұл жерде бәріңізге қолжетімді әлеуметтік желінің көмегіне сүйенеміз. Өз парақшамызда су жаңа айдардың жұмысын жиі-жиі бөлісіп, жариялап тұрамыз. Әрі оған кез келген тұрғын алдағы уақытта осы бейнесюжеттегідей қатыса бермек. Ал әлеуметтік желіні қолданушылар тақырыпқа қатысты білетін деректерін пікірлер алаңына (комментарий) жазуына әбден болады.
Бүгінгі тақырып: Қарахан баба тарихы. Жергілікті халықтың есіндегі естіген аңыз желісі. Кесенелер туралы түсінік.
 
 

          Бүгін тарих ғылымдарының докторы, ғалым, профессор Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Аңызға айналған есім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны ұйымдастырған «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімі қызметкерлері Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінің оқушыларына қазақ тарихын кең көлемде зерттеген тұлғаның өмірі мен қызмет жолы жайлы мағлұмат берді. Сондай-ақ Ермұхан Бекмахановтың Қазақстан тарихындағы еңбегі мен ғылыми жетістіктері, халық ағарту саласы мен мектеп оқулықтарының дамуына қосқан үлесі туралы көбірек айтылды.
 
 

         Бүгін Тараз қаласындағы №66 орта мектепте «Тарих» пәнінің ұстазы Дана Қадырбаева 6-7-ші сынып оқушыларына ашық сабақ беріп, біздің мекемемен бірлескен көрме өткізді. Мұндағы басты мақсат – өңірдегі ортағасырлық қалалар мен сәулет өнерін оқушыларға таныстыру, тарихи жәдігерлерді көрсету.
         Көрме барысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемелекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы Фариза Жумағұлова оқушыларға аймақтағы ескерткіштер тарихын қызғылықты етіп әңгімеледі. Соның ішінде әлемдік «ЮНЕСКО» мұра тізіміне енген ескерткіштер туралы айтылып, археологиялық қазба жұмыстарын кезінде табылған жәдігерлер көрсетілді. Сондай-ақ көрмеге Қарахан мемлекеті тұсындағы қыш ыдыстар, құмыралар, қазан, су құбырлары, сұйықтық сақтауға арналған сынап көзелер, қоладан құйылған шырағдандар сияқты көптеген жәдігерлер қойылды.